Астықты форвардтық және тікелей сатып алу бағдарламаларын іске асыру, сондай-ақ агроөнеркәсіп өндірушілерге тауарлық кредиттер беру 2024 жылы астық нарығын тұрақтандыруға және фермерлерді мемлекеттік қолдау көлемін ұлғайтуға ықпал етті. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен апта сайынғы кеңесте «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Асылхан Джувашев мәлімдеді.
«Көктемгі дала жұмыстарын форвардтық қаржыландыру өткен жылдың ақпан айында басталып, еліміздің негізгі астық егетін өңірлерінде 42,3 млрд теңгеге 324 шаруашылықты қолдауға мүмкіндік берді. Форвардтық кредиттерді қайтару деңгейі орта есеппен үш жыл ішінде 94% құрады», – деді Азық-түлік келісімшарт корпорациясының басшысы.
Бұл ретте ол 2025 жылдың наурыз айында көктемгі егіс жұмыстарын форвардтық қаржыландыру бағдарламасының кезекті іске қосылуы күтілетінін мәлімдеді. Ішкі және сыртқы нарықтарда сұранысқа ие майлы дақылдар өндірісіне кредит беру лимиттерді ұлғайту жоспарлануда. Қаржы қаражатын бөлу тетігінің ашықтығын арттыру үшін алғаш рет аграршылардан өтінімдерді электрондық режимде қабылдау сынақтан өткізіледі.
Үкіметтің тапсырмасы бойынша фермерлерді тұқыммен қамтамасыз ету үшін Азық-түлік келісімшарт корпорациясы азық-түлік астығын төлемді кейінге шегерумен сатты. Нәтижесінде 2024 жылы Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының ауыл шаруашылығы құрылымдары тұқым ретінде 39 мың тонна астық алды. Бұл көлем шамамен 400 мың гектар алқапта егіс науқанын қамтамасыз ету үшін жеткілікті.
Астықтың экспорттық жеткізілімін дамыту үшін ұлттық оператор шетелдік инвесторлармен ынтымақтастықты жандандырды. Өткен жылы Азық-түлік келісімшарт корпорациясы жалпы сомасы 62,6 млрд теңгеге 621 мың тонна астық сатуға арналған шарттарға қол қойды.
2025 жылы компания экспорттық бағыттарды кеңейту бойынша жұмысты жалғастырады. Бұдан басқа, шағын және орта фермерлерден астықтың экспорттық партияларын шоғырландыру жобасының ауқымы кеңейтіледі, онда Азық-түлік келісімшарт корпорациясы үшжақты экспорттық келісімшарттар жасасу кезінде агент ретінде әрекет етеді.
«Бұл фермерлер үшін өнімді тұрақты өткізуге және халықаралық нарықтарға қол жеткізуге кепілдік бере отырып, неғұрлым қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Корпорация логистика, қажетті құжаттарды ресімдеу және сапаны бақылау бойынша функцияларды өзіне алады, бұл, өз кезегінде, мәміленің барлық қатысушылары үшін тәуекелдерді азайтады», – деп қорытындылады Асылхан Джувашев.
Министр АКК басшылығына жаңа егіннің астығын өткізу жөніндегі жұмысты күшейтуді, форвардтық сатып алу бағдарламасын іске қосуды жеделдетуді, шетелдік әріптестермен астықты терең өңдеу жөніндегі жобаларды іске асыруға қатысуды қамтамасыз етуді тапсырды.