Азық-түлік келісімшарт корпорациясы егін жинау науқаны кезінде өз қорларындағы бос астық көлемін азайтуда. Шілде-тамыз айларында ұлттық астық операторы Түркістан облысына бидай тиелген 427 вагон жөнелтті.
Жалпы, өңір Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарындағы элеваторлардан 30 мың тонна астық өнімін алды. Жеткізілген астықтың басым бөлігін үшінші және төртінші сыныпты бидай құрады. Астықты өңірлер арасында қайта бөлу бидай өндіру мүмкіндігі климаттық және топырақ жағдайларына байланысты шектеулі өңірдегі азық-түлік теңгерімін сақтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар солтүстік өңірлерден астық жөнелту жаңа өнімді қабылдау үшін элеваторлардың сыйымдылығын босатуға жол ашады. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров егін жинау науқанына дейін астық қабылдау инфрақұрылымын уақтылы дайындауды тапсырған болатын.
Бос астық қорларының азаюы мемлекеттік қорға әсер етпейді. Корпорацияның астық базаларында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған 500 мың тонна азық-түлік астығы тұрақты түрде сақталады.
Тағы 200 мың тоннаны тұрақты жем қоры құрайды. Ол құс және мал шаруашылығы кәсіпорындарын, құрамажем өндіретін зауыттарды қолдау үшін пайдаланылады. Сондай-ақ құрғақшылық, төтенше жағдайлар немесе өзге де күтпеген жағдайлар туындаған кезде бұл қорды пайдалануға болады.
Астық қорлары Азық-түлік келісімшарт корпорациясының еншілес кәсіпорны – «Астық қоймалары» серіктестігінің астық базаларында және серіктес элеваторларда сақталады. Олардың жалпы астық сақтау сыйымдылығы 8,9 млн тоннадан асады.
Азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік саясат пен негізгі тәсілдерді Ауыл шаруашылығы министрлігі айқындайды. Ал ұлттық оператор ретінде Азық-түлік келісімшарт корпорациясы астықты сатып алуды, сақтауды және өңірлер арасында қайта бөлуді жүзеге асырады.
Жыл сайын астық қоры ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден астық сатып алу арқылы толықтырылып, жаңартылып отырады. Егін жинау аяқталғаннан кейін форвардтық бағдарламаға қатысатын шаруалар астықты мемлекеттік қорға жеткізе бастайды. Бұдан бөлек, ұлттық оператор қорды толықтыру және жаңарту мақсатында нарықтан тауарлық астық сатып алады.

