Қазақстандық агроөнімдерді экспорттаушылар Қытайдың астық саудасы жөніндегі цифрлық платформасына тікелей қол жеткізді. Бірлескен электрондық алаңның ресми іске қосылуы 2026 жылғы 5 қыркүйекте Чанша қаласында VIII Халықаралық астық көрмесі және астық кәсіпорындарының ынтымақтастығы жөніндегі алғашқы Қытай-Қазақстан конференциясы шеңберінде өтті. Экспозиция жұмысының бірінші күнінде астық өндірушілер цифрлық платформа арқылы 24 мың тонна зығырды жеткізуге мәмілелер жасасты.
Іс-шараны «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ ҚХР Азық-түлік және стратегиялық резервтер жөніндегі мемлекеттік басқармасымен (NAFRA) бірлесіп, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қазақстан Республикасының Қытайдағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырды.
Астық конференциясына ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова, ҚХР Азық-түлік және стратегиялық резервтер жөніндегі мемлекеттік басқармасының басшысы Лю Хуаньсинь, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ильдар Исмагулов қатысты. Қазақстанның астық секторын 20 кәсіпорын ұсынып, олар Ұлттық стендте өз өнімдерін таныстырды. Іскерлік іс-шараларға Қытайдың түрлі провинцияларынан келген 66 ірі агроөнеркәсіптік компания да қатысты. Олардың қатарында COFCO, Jihai Group және Yihai Kerry секілді компаниялар бар.
Ильдар Исмагулов құттықтау сөзінде атап өткендей, Қытаймен ынтымақтастық Қазақстандық агроөнеркәсіптік сектор үшін ерекше маңызға ие. Бұл – ауқымды әрі болашағы зор нарық, ал екі ел арасындағы логистикалық байланыстар бүгінде сенімді жолға қойылған. Астық саудасы жөніндегі Қазақстан-Қытай платформасының іске қосылуы екі ел арасындағы сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың дамуына жаңа серпін беріп отыр.
«Бүгінде сауда алаңында 35 қазақстандық компания тіркелген. Агроөнеркәсіп кешендері сатып алушыларды өз бетінше табуға, келісуге және онлайн-форматта мәмілелер жасауға мүмкіндік алды. Бірінші кезеңде біз астық компанияларына тіркелуге көмектестік және пилоттық жеткізілімдерді сүйемелдедік. Қазақстаннан Қытайға 24 мың тонна майлы зығыр экспортына мәмілелер жасалды», – деп хабарлады «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары.

Ол жеткізу туралы алғашқы уағдаластықтар қытайлық серіктестердің қазақстандық агроөнімге деген жоғары қызығушылығын растайтынын атап өтті.
«Қазір электронды алаң барлығына ашық. Ең бастысы – қазақстандық бизнес Қытай нарығында өзінің қатысуын арттыруға, сатып алушылармен тікелей байланыс орнатуға және дамытуға мүмкіндік беретін тұрақты өткізу арнасын алады», – деді Ильдар Исмагулов.
Қытай-Қазақстан электрондық платформасының іске қосылуы корпорация 2025 жылдан бері қытайлық серіктестермен жүргізіп келе жатқан агроөнімдер саудасының бірлескен цифрлық тетігін құру туралы келіссөздердің жалғасы болды.
Қазір сауда алаңының ассортименті негізінен күнбағыс, рапс, зығыр және соя сияқты дәнді және майлы дақылдарға бағытталған. Болашақта өнім тізбесі қытайлық импорттаушылар тарапынан сұранысқа және қазақстандық жеткізушілердің экспорттық мүмкіндіктеріне байланысты кеңеюі мүмкін.
ҚХР-дағы «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ өкілі Айжан Жамалованың айтуынша, Қытай тарапы өз ұлттық платформасына шетел мемлекетіне алғаш рет қолжетімділік ашып отыр, әрі оның алғашқы серіктесі Қазақстан болды. Сауда жүргізудің жаңа құралы қазақстандық агроөндірушілердің Қытай нарығына қолжетімділігін кеңейтіп, Мемлекет басшысы белгілеген агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру және ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымын арттыру міндеттеріне толық сәйкес келеді.
Мамыр айында Азық-түлік корпорациясының көмегімен платформа арқылы 200 тонна қазақстандық зығырды сынамалық жеткізу жүргізілді, кейін Қытайға тағы 60 тонна жөнелтілді.
Ауқымды сауда алаңы 50 000-ға жуық қытайлық ауылшаруашылық кәсіпорындарын біріктіреді және 20 жылдан астам жұмыс істейді. Ол бірнеше сауда форматтарын қолдайды: ашық аукциондар, шақыру бойынша сауда-саттық, келісім бойынша мәмілелер және белгіленген бағамен мәмілелер.

