Азық-түлік корпорациясының төрағасы Асылхан Джувашев пен COFCO компаниясының вице-президенті Чжу Цзэ келіссөздер барысында ҚХР-ға зығыр, арпа, күнбағыс және рапс жеткізу мүмкіндігін талқылады.
Еске сала кетейік, COFCO Қытайдағы қазақстандық бидайдың ірі импорттаушысы болып табылады. Бұған дейін тараптар 75 мың тонна бидай жеткізуге келісімшарт жасаған болатын. Аспан асты еліне жыл сайынғы экспорт көлемін астық тасығыштармен және жабық вагондармен 1 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланыа отыр.
Азық-түлік корпорациясы мен COFCO арасындағы қолданыстағы шарттар толық көлемде және белгіленген мерзімде орындалатын болады, деп сендірді Асылхан Джувашев. Чжу Цзэ өз кезегінде компанияның ҚХР-ға қазақстандық агроөнімдерді жеткізу саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендігін атап өтті.
Айта кетейік, Қазақстанға сапары аясында қытай делегациясы Азық-түлік корпорациясының барлық әлеуетін зерттей алды. COFCO өкілдері элеваторларға және ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтаудың басқа да қуаттарына барды, соның ішінде Ақмола облысындағы №1 нан базасының жұмысымен танысты. Элеватордың қуаты шамамен 190 мың тоннаны құрайды, кәсіпорында астықты қабылдау, кептіру, сақтау және жөнелту үшін барлық қажетті заманауи жабдықтар бар.