Азық-түлік келісімшарт корпорациясы Қытайдың Yihai Kerry (Shanghai) International Trading Co., LTD, CITIC Construction Co., LTD және Xiamen
C & D Corporation LTD компанияларының өкілдерімен келіссөздер жүргізді. Бұл сауда-саттықты нығайтуға және Қытай нарығына жеткізілетін Қазақстан астығының көлемін ұлғайтуға бағытталған маңызды кездесу болды.
Атап өту керек, басқосу кезінде Қазақстан аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге инвестициялар тарту мәселесі де қаралды. Мысалы, қытайлық тарап қазақстандық диқаншыларды ерте көктемде қаржыландырып, күзде дайын өнімді алып кетеді. Фермер егістік науқанында қаржыны қайдан аламын демейді және күзде мол өнімді қайда сатамын демейді.
2023 жылдың өткен кезеңінде азық-түлік корпорациясы дәнді және майлы дақылдардың едәуір көлемін жақын және алыс шет елдерге, соның ішінде Қытайға экспорттады.
Азық-түлік корпорациясы Yihai Kerry (Shanghai) International Trading Co., LTD және CITIC Construction Co., LTD сияқты ірі компаниялармен тұрақты сауда-әріптестік қатынастарды нығайта отырып, қазақстандық астықтың Қытайға экспортын ұлғайтуды көздейді.
Айта кету керек, YihaiKerry (Shanghai) International Trading Co.. LTD агроөнеркәсіптік сектордағы әлемдік көшбасшы Wilmar International Limited компаниялар тобына кіреді. Және бұл кездесу екіжақты ынтымақтастыққа қосымша стратегиялық мән береді.
Ал CITIC Group компаниясының құрылыс және инжиниринг саласындағы еншілес компаниясы саналатын CITIC Construction Co., LTD екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға жол ашады.
Xiamen C & D Corporation LTD негізгі бағыты көтерме сауда, логистика, инвестициялар, жылжымайтын мүлік, туризм және қонақ үй саласын қамтиды. Қытайдың мемлекеттік көпсалалы алып компаниясы болып табылады. ҚХР мен әлемнің ірі компанияларының қатарына кіреді.