ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин екі күндік жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысына барды. Делегация құрамында «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Асылхан Джувашев және ауыл шаруашылығы саласының басқа да басшылары бар.
Шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесу аясында саладағы жобаларды қаржыландыруға қатысты мәселелер талқыланды. Асылхан Джувашев корпорацияның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау жөніндегі бағдарламалары туралы айтып, фермерлерді қызықтырған сұрақтарға жауап берді.
Сондай-ақ, ол өңір фермерлерінен жыл сайын форвардтық сатып алу бағдарламасына қатысуға өтінімдер біршама көп түсетінін хабарлай отырып, форвардтық сатып алу және төлемді кейінге қалдыру арқылы тауарлық кредит бағдарламаларының іске асырылу барысы туралы түсіндірді.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер бидайды сатып алу бағасы бойынша өз үміттерін білдірді. Фермерлер тоннасына 100 мың теңгеден астам бағаны белгілеуді сұрайды. Өз тарапынан азық-түлік корпорациясының басшылығы астық нарығындағы ағымдағы жағдай және экспортқа сату бағасы туралы айтып берді. Алдыңғы жылдары төмен өнім мен сапаны ескере отырып, корпорация әділ бағаны белгілегені атап өтілді. Биылғы жылы пайызсыз қаржыландыру мен жақсы егінді ескере отырып, бидайдың бағасы бәсекеге қабілетті болуы керек. Үкімет баға төмендеген кезде өтемақы берген жағдайда, Корпорация әділ бағаны белгілейді.
Талқылауға қатысушылар тиімді егін жинау науқанын қамтамасыз ету үшін барлық мүдделі тараптардың тығыз өзара іс-қимыл жасау қажеттігін атап өтті. «Мұндай кездесулер фермерлік шаруашылықтар мен корпорация арасында ашық диалог орнатуға мүмкіндік береді, бұл ынтымақтастықты жақсартуға және қолдау бағдарламаларының тиімділігін арттыруға ықпал етеді», – деп атап өтті Азық-түлік келісімшарт корпорациясының Басқарма Төрағасы.