Азық-түлік келісімшарт корпорациясы қазақстандық агроэкспорттың географиясын кеңейту үшін Пәкістанмен ынтымақтастықты арттыруға мүдделі. Бұл туралы компания Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ильдар Исмагулов Исламабадта өткен Қазақстан-Пәкістан ауыл шаруашылығы жөніндегі жұмыс тобының бірлескен отырысында мәлімдеді.
Пәкістандық серіктестермен кездесуде Ильдар Исмагулов Қазақстанның АӨК әлеуетін таныстырып, корпорацияның ауыл шаруашылығы өнімдерін сыртқы нарықтарға жеткізуді қамтамасыз ету мүмкіндіктері туралы айтты.
Атап айтқанда, ол Азық-түлік келісімшарт корпорациясы Пәкістанға астық бидайын, арпаны, майлы дақылдарды, жасымықты, сондай-ақ күнбағыс майын экспорттауға дайын екенін атап өтті.
«Компанияның қарамағында жыл сайын шамамен 2 млн тонна астық болады, бұл ұзақ мерзімді келісімшарттарды орындауға және жеткізуді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Біз шетелдік инвесторлардың қатысуымен форвардтық сатып алу тетіктерін енгізуге ашықпыз және агроөнімнің талап етілетін көлеміне, сапасына және уақтылы жеткізілуіне кепілдік беруге дайынбыз», – деп атап өтті Ильдар Исмагулов.

Бірінші бірлескен отырыстың қорытындысы бойынша тараптар ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ПИР Азық-түлік қауіпсіздігі министрлігі арасындағы өзара іс-қимыл туралы хаттамаға қол қойды. Қазақстандық бидайды, майлы дақылдарды және күнбағыс майын жеткізу туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 8-9 қыркүйек аралығында ҚР премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Пәкістан Ислам Республикасына ресми сапары өтуде. Қазақстандық делегация құрамында министрліктер мен ведомстволардың басшылары, квазимемлекеттік компаниялардың өкілдері қатысады.

