2024-2025 ауыл шаруашылығы жылдарына арналған экспортты субсидиялау бағдарламасы бидай жеткізілімдерінің артуына ғана әсер етіп қоймай, қазақстандық астықтың әлемдік нарықтарда мойындалуына да зор ықпал етті.
Ағымдағы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша Қазақстан шамамен 12,8 млн тонна астық экспорттап, дәстүрлі бағыттардағы (Орталық Азия елдері мен Каспий өңірі) ұстанымдарын сақтаумен қатар, жаңа өткізу арналарына да шықты. Атап айтқанда, алғаш рет Қазақстан бидайының сатып алушылары қатарына Марокко, Алжир, Мавритания, БАӘ, Вьетнам, сондай-ақ бірқатар еуропа елдері – Бельгия, Польша, Португалия, Норвегия, Ұлыбритания, Шотландия кірді. Бұған дейін шетелдік импорттаушылар Қазақстанды негізінен қатты (дурум) және жоғары ақуызды (hi-pro) бидай жеткізушісі ретінде таныса, енді экспорт көлемі айтарлықтай өскен стандартты жұмсақ бидайдың сапасына да көз жеткізе алды. Нәтижесінде экспортталатын өнімдер ассортименті кеңейіп, қазақстандық астықтың әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі артты.
Мемлекеттік қолдау шараларының оң әсерін ескере отырып, астықты тасымалдауға байланысты шығындарды арзандатуға бағытталған субсидия төлеу қағидаларының, сондай-ақ агроөнеркәсіп саласында қызмет атқаратын ұлттық компания шығындарын субсидиялау қағидаларының қолданылу мерзімі 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін ұзартылды. Бұл астық жөнелтімдерінің оң динамикасын сақтауға, сондай-ақ өткен маусымда ашылған келешегі бар экспорттық алаңдарда қазақстандық бидайдың позицияларын нығайтуға мүмкіндік береді.
Ішінара субсидиялау төмендегі транзиттік бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
– Ресей Федерациясы аумағы арқылы Азов, Қара және Балтық теңіздерінің порттарына;
– Ресей Федерациясы, Латвия Республикасы, Литва Республикасы және Эстония Республикасы аумағы арқылы Балтық теңізінің порттарына;
– Ресей Федерациясы аумағы арқылы Латвия Республикасы, Литва Республикасы және Эстония Республикаларына;
– Әзербайжан Республикасы мен Грузия аумағы арқылы Қара теңіз порттарына;
– Түрікменстан аумағы арқылы Ауғанстан Ислам Эмиратына;
– Түрікменстан аумағы арқылы Иран Ислам Республикасына;
– Қытай Халық Республикасы аумағы арқылы Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне;
– Ресей Федерациясы аумағы арқылы Грузия мен Арменияны қамтиды.
Осы орайда экспорттық бағытқа байланысты өтемақы көлемі бір тонна астық үшін 20 мың теңгемен 30 мың теңге аралығында өзгеріп тұрады.

