Қазақстанның ұлттық астық операторы Армениядағы серіктесіне бидайдың пилоттық партиясын сәтті жеткізді. 1000 тонна көлеміндегі агроөнімдердің экспорттық партиясы 2025 жылдың қазан айында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ мен «Баграмян» ЖШҚ арасында жасалған келісімшарт шеңберінде жөнелтілді.
Армения нарығына астықты алғаш жеткізу үшін ұлттық оператор әр түрлі сапалы бидайды, соның ішінде 27-28% желімтегі бар жоғары ақуызды hi-pro бидайын ұсынды, бірақ тапсырыс беруші 4-сыныпты бидайды таңдады.
Келісімшартқа сәйкес Азық-түлік келісімшарт корпорациясы жаңа теміржол бағыты бойынша Даларик станциясына 15 вагон астық жіберді. Пойыз Қазақстаннан Арменияға жаңа логистикалық маршрутты Ресей, Әзірбайжан және Грузия арқылы транзитпен сәтті сынады.
Көлік шығындарына субсидиялар түріндегі астық экспортын қолдаудың қолданыстағы шаралары армян тұтынушылары үшін логистика құнын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік берді.
«Баграмян» ЖШҚ басшысы Артак Шатворянның айтуынша, қазақстандық өндірістегі сатып алынған бидайдың сапасы шарт талаптарына сай келеді және тіпті, тапсырыс берушінің күткенінен асып түсті.
«Біз бастапқыда жем-шөп мақсаттары үшін астық сатып алдық, бірақ зертханалық сынақтардың нәтижелері 4-сыныпты қазақстандық бидайдың жоғары сапасын көрсетті. Астықтың экспорттық партиясының барлық дерлік параметрлері – заттай мәні, протеині, құлау саны келісімшарт талаптарынан едәуір асып түседі, ал бидай ұн өндіруге де жарамды. Біз жеткізілімге толық қанағаттанамыз және болашақта Қазақстаннан шыққан қатты және жұмсақ бидайды тұрақты сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз», – деп атап өтті тапсырыс беруші компанияның өкілі.
Айта кету керек, 4-сыныпты бидайды жеткізу туралы келісімге қарамастан, Азық-түлік келісімшарт корпорациясы жақсартылған сипаттамалары бар астықты армян серіктестеріне жөнелтті. Осылайша, бидайдың сапасын және оның нан пісіруге жарамдылығын сипаттайтын құлау санының көрсеткіші 235-334 секундты, заттай мәні – 775 г/л, протеин мөлшері – 12,8%, желімтек құрамы – 20% құрады, бұл астықтың жақсы сапасы мен оны нан пісіру мақсатында қолдану мүмкіндігін көрсетеді.
Сонымен қатар, ұлттық оператор тапсырыс берушінің қажеттіліктеріне байланысты 3, 4-сыныпты қатты және жұмсақ бидайды, сондай-ақ төмен дәрежелі астықты қоса алғанда, әр түрлі сападағы астықты жеткізу мүмкіндігіне ие. Дәстүр бойынша, қазақстандық астық шетелдік сатып алушыларда жоғары сапалы және айқын наубайхана қасиеттері үшін бағаланады, оны көбінесе уату партияларын жақсартушы ретінде пайдаланады.

