Қытайдың қолданыстағы цифрлық астық саудасы платформасының қазақстандық бөлімі пилоттық режимде іске қосылды. Отандық SN Trade Company ЖШС қытайлық Yihai (Changji) Oils&Grains Industries Co., Ltd компаниясының мекенжайына 200 тонна зығыр майының сынақ партиясын жеткізу туралы келісті.
Онлайн алаңның іске қосылуы Азық-түлік келісімшарт корпорациясы қытайлық серіктестермен 2025 жылдан бері жүргізіп келе жатқан ауыл шаруашылығы саудасының бірлескен цифрлық тетігін құру туралы келіссөздердің жалғасы болды.
Бұрын ҚХР Мемлекеттік азық-түлік және стратегиялық резервтер жөніндегі басқармасының басшысы Лю Хуаньсиннің Астанаға сапарының аясында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ мен Қытайдың Ұлттық азық-түлік және стратегиялық резервтер жөніндегі басқармасының (NAFRA) жанындағы Астық саудасын үйлестіру орталығы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Құжат тараптардың Қазақстан мен Қытай арасында астық және майлы дақылдар өнімдерінің цифрлық саудасын дамыту ниетін бекітті.
Азық-түлік корпорациясының Бейжіңдегі өкілдігі пилоттық мәміленің қазақстандық пайдаланушылар үшін қызметті сынақтан өткізуге, сондай-ақ техникалық кемшіліктерді анықтауға және жоюға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Бастапқы кезеңде платформаның түржинағы негізінен дәнді дақылдар мен майлы дақылдарға — күнбағыс, рапс, зығыр және сояға бағытталған. Бұл тізім болашақта импорттаушылардың сұранысына және отандық жеткізушілердің экспорттық мүмкіндіктеріне байланысты кеңеюі мүмкін.
Сауда-саттықтар өзара әрекеттесудің бірнеше форматын ұсынады: ашық аукциондар, тараптардың келісуі бойынша мәмілелер және өнімді бекітілген бағамен сату. Міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету үшін кепілдік жарнасы көзделген, қатысушылар арасындағы қаржылық есеп айырысуларды платформа арқылы жүзеге асыру ұсынылады.
Қытайдың астық саудасы платформасы ҚХР-дағы шамамен 50 мың ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын біріктіреді және 20 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Оған қазақстандық компаниялардың қосылуы ауыл шаруашылығы экспортын арттыруға қолайлы мүмкіндіктер ашады және Мемлекет басшысының АӨК секторындағы цифрландыруды дамыту бойынша тапсырмасын іске асыруға ықпал етеді.
«Бұл жобадағы біздің басты мақсатымыз – қазақстандық ауыл шаруашылығы өндірушілері мен трейдерлеріне өз өнімдерін онлайн сатуға, сатып алушыларды табуға және Қытай нарығына қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік беру», – деп атап өтті «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асылхан Джувашев.

