Иерусалимде өткен Қазақстан-Израиль үкіметаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық комиссиясының он бірінші отырысында тараптар цифрлық және су үнемдегіш технологиялардың қолданысын, сондай-ақ агроэкспорт перспективаларын талқылады.
Премьер-министрдің орынбасары, жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев бастаған Қазақстан делегациясының құрамына мемлекеттік сектор, квазимемлекеттік компаниялар мен бизнес өкілдері кірді. Қатысушылар цифрландыру саласындағы жетістіктерімен бөлісіп, Қазақстанның экономика салаларына жаңа технологияларды енгізу жоспарлары туралы талқылады.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі атынан отандық агроөнеркәсіп кешенінің мүмкіндіктері туралы «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Самат Теңбаев айтып берді. Ол Қазақстан әлемдік аграрлық нарықтағы позициясын нығайтып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып отырғанын атап өтті. Отандық агроөнімдер әлемнің 80-нен астам еліне жөнелтіледі. Соңғы жылдары Еуропа, Солтүстік Африка, Таяу Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері бағытында астық экспортының географиясы белсенді түрде кеңеюде.
Осы маусымда Қазақстан мол астық өнімін жинап, құрамында ақуыз бен желімтегі жоғары бидайдың айтарлықтай көлеміне ие. Мұндай өнім шикізатқа қойылатын жоғары талаптарды ескере отырып, израильдік қайта өңдеушілер үшін қызығушылық тудыруы мүмкін.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы Израиль нарығының қажеттіліктеріне байланысты 200 мыңнан 500 мың тоннаға дейін азықтық бидай мен басқа да агроөнімдерді жеткізуге ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасуды қарастыруға дайын», – деді Самат Теңбаев.

Бұл ретте, оның айтуынша, Израильге агроөнімдерді экспорттау кезінде ұзақ логистикалық жол тежеуші фактор болуы мүмкін. Тасымалдау нұсқаларының бірі ретінде «Азық-түлік келісімшарт корпорациясының» өкілі әріптестеріне Әзірбайжан мен Грузия арқылы жеткізу бағытын қарастыруды ұсынды. Басқа балама жол Балтық теңізі порттары арқылы өтеді.
Жыл сайын Израиль 2 миллион тоннадан астам бидай импорттайды, бұл қазақстандық жеткізушілер үшін қосымша мүмкіндіктер ашады. Бұған қоса, израильдік әріптестер әлемдік нарықтардан майлы дақылдар, арпа және жүгері сатып алады.
Қазақстан АӨК саласының технологиялық дамуы үшін Израильдің шектеулі су ресурстары жағдайында ауыл шаруашылығындағы тәжірибесі практикалық қызығушылық тудырады. Ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары қатарында су үнемдегіш суару, тазартылған суды қайта пайдалану, өндірісті басқаруда жасанды интеллектті қолдануды атап өтуге болады. Мұндай шешімдерді Қазақстан жағдайына бейімдеу қазақстандық агрокәсіпорындарға шығындарды азайтуға және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

