«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ үш жыл ішінде алғаш рет 2025 жылды оң қаржылық нәтижемен аяқтады. Ұлттық астық операторының таза кірісі 492,4 млн теңгені құрады.
«ҰҚ Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ильдар Исмагуловтың айтуынша, қол жеткізілген нәтижелер қарыз жүктемесін азайту, қаржылық міндеттемелерді оңтайландыру және операциялық тиімділікті арттыру бойынша дәйекті түрде жүргізілген жұмыстың нәтижесі болды.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы астық нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету және отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау бойынша стратегиялық маңызды мемлекеттік миссияны орындайды. Соңғы жылдары компания бағаның жоғары құбылмалылығы мен нарықтағы күрделі қиындықтар жағдайында жұмыс істеп келеді. Осыған қарамастан, біз үкімет жүктеген барлық міндеттерді орындап қана қоймай, сонымен қатар қаржылық тұрақтылығымызды нығайту үшін ауқымды жұмыстар атқардық. 2025 жылдың нәтижесі бойынша Азық-түлік келісімшарт корпорациясы кірісті қызметке оралды, бұл біздің басқарушылық шешімдеріміздің тиімділігін және таңдалған даму стратегиямыздың тұрақтылығын растады», – деп атап өтті Ильдар Исмагулов.
Астық сату көлемінің айтарлықтай өсуі қаржылық көрсеткіштердің жақсаруына ықпал етті.
Азық-түлік келісімшарт корпорациясы 2023 жылы 207,9 мың тонна астық сатса, бұл көрсеткіш 2024 жылы 501,1 мың тоннаға дейін өсті. 2025 жылдың соңына қарай ішкі және экспорттық жеткізілімдер 1,3 млн тоннаға жетті, бұл 2023 жылғы деңгейден бес еседен астам және алдыңғы жылғы көрсеткіштерден екі еседен астам.
Астықтың белсенді сатылуы ішкі тұтынушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға, экспорттық жеткізілімдерді кеңейтуге, тауарлық қорлардың айналымын жеделдетуге және компанияның қаржылық жағдайын нығайтуға мүмкіндік берді.
Жүйелі жұмыстың арқасында Азық-түлік келісімшарт корпорациясының жалпы қарызы екі жылда екі еседен астамға азайды. Сонымен қатар, компания қарызды қаржыландыру құрылымын оңтайландырды, тартылған қаражаттың құнын айтарлықтай төмендетті. Бұл қарызға қызмет көрсету шығындарын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берді.
«Бүгінде Азық-түлік келісімшарт корпорациясы тұрақты қаржылық базасымен дамудың жаңа кезеңіне аяқ басып келеді. Кірістілікті қалпына келтіру және қарыз жүктемесін азайту аграрийлерді қолдау құралдарын одан әрі кеңейтуге, ішкі және сыртқы нарықтардағы операциялардың тиімділігін арттыруға, сондай ақ азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік саясаттың міндеттерін іске асыруға негіз қалайды», – деп атап өтті Ильдар Исмагулов.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ҰҚ» АҚ– Қазақстанның ұлттық астық операторы. Ол азық-түлік қауіпсіздігін және ішкі астық нарығын тұрақтандыруды қамтамасыз етеді, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілеріне қаржылық қолдау көрсетеді және экспортқа астық жеткізеді. «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ-ның жалғыз акционері Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі болып табылады.

