Касабланка қаласында Қазақстан–Марокко Іскерлік кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Форум жұмысына қазақстандық делегация қатысты. Оның құрамында «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» акционерлік қоғамы Басқарма төрағасы Асылхан Джувашев та болды.
Екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту аясында қазақстандық делегация Марокко Корольдігінің Ауыл шаруашылығы министрлігі, Өнеркәсіп және сауда министрлігі басшылығымен, сондай-ақ елдің бизнес қауымдастығының өкілдерімен келіссөздер жүргізді.
Кездесу барысында тараптар агроөнеркәсіптік кешендегі өзара іс-қимылды жандандыру және ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасын кеңейту мәселелерін талқылады.
Асылхан Джувашев серіктестерге Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің мүмкіндіктері мен ұлттық астық операторы ретіндегі Азық-түлік келісімшарт корпорациясының қызметін таныстырды. Оның айтуынша, қазақстандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өз өнімдерін әлемнің 80-нен астам еліне экспорттайды.
Соңғы екі жылда Қазақстанда дәнді дақылдардан мол өнім жиналды. Өткен ауыл шаруашылығы маусымында астық пен ұн экспорты рекордтық көрсеткішке жетіп, 15,3 млн тоннаны құрады. Сонымен қатар экспорт географиясы Еуропа, Солтүстік Африка, Таяу Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері есебінен едәуір кеңейді.

Мароккомен ынтымақтастықтың жарқын мысалдарының бірі – қазақстандық бидай экспорты. Өткен жылғы мамырда Азық-түлік келісімшарт корпорациясы марокколық сатып алушыларға азық-түлік бидайының алғашқы легін жөнелтті. Нарықтың өзге қатысушылары жүзеге асырған жеткізілімдерді қоса есептегенде, Марокко Корольдігіне экспортталған астық көлемі 161,8 мың тоннаға жетіп, қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс жоғары екенін көрсетті.
«Біз Марокко Корольдігін қазақстандық астық өнімдерін өткізудің перспективалы нарығы ретінде ғана емес, Солтүстік және Батыс Африка нарықтарындағы орнымызды нығайтуға, сондай-ақ халықаралық трейдерлермен, қайта өңдеу кәсіпорындарымен және дистрибьюторлармен ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік беретін маңызды логистикалық әрі сауда орталығы ретінде қарастырамыз», – деді «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» Басқарма төрағасы Асылхан Джувашев.

Келіссөздер барысында инвестициялық ынтымақтастық мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жобаларына марокколық инвестиция тартуға мүдделі. Сонымен қатар екі елдің агротехнологиялар мен тамақ өнеркәсібін дамытуға басымдық беруі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы өзара ынтымақтастыққа тың серпін береді.
Іскерлік кеңес аясында фосфат тыңайтқыштарын өндіру жөніндегі әлемдік көшбасшы саналатын OCP Group мемлекеттік компаниясының еншілес ұйымы – OCP Nutricrops компаниясының басшылығымен кездесу өтті. Тараптар ынтымақтастықтың келешегі мен бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.

Марокко – Қазақстанның Африка құрлығындағы ең ірі сауда серіктесі. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 68 пайызға өсіп, 461,5 млн АҚШ долларын құрады. Ал биылғы жылдың алғашқы төрт айында өзара сауда көлемі тағы 58 пайызға артып, 167,6 млн АҚШ долларына жетті. Қазақстан Мароккоға негізінен күкірт, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін, атап айтқанда бидайды, майлы зығырды және бұршақ дақылдарын экспорттайды.
Марокко жыл сайын 7 млн тонна астық импорттайды. Оның негізгі жеткізушілері – Еуропалық одақ елдері, Канада және АҚШ. Қазақстан бүгінде Марокко нарығына астық экспорттайтын елдердің қатарына қосылды және Солтүстік Африка өңіріне ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу көлемін алдағы уақытта да ұлғайтуды көздеп отыр.

