Фермерлер егіс алқаптарының құрылымын белсенді түрде әртараптандырып, қосылған құны жоғары дақылдарға басымдық беруде. Бұл үрдіс Азық-түлік келісімшарт корпорациясының форвардтық сатып алу бағдарламасының нәтижелерімен расталып отыр. Өткен ауыл шаруашылығы маусымымен салыстырғанда майлы дақылдарды қаржыландыру көлемі 2,6 есеге – 36 мың тоннадан 95 мың тоннаға дейін ұлғайтылды.
Жалпы, күзгі егін жинау науқаны аяқталғаннан кейін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер ұлттық астық операторының қорына 479,8 мың тонна астық және майлы дақыл өнімдерін жеткізеді. Оның ішінде 337,3 мың тоннасы немесе шамамен 70%-ын бидай құрайды. Қалған жеткізілімдер жоғары табысты дақылдарға – майлы зығыр, арпа, күнбағыс, рапс және жүгеріге тиесілі.
2026 жылғы егіс науқаны барысында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер күнбағыс егісінің көлемін айтарлықтай ұлғайтты. Егер өткен ауыл шаруашылығы маусымында форвардтық келісімшарттар бойынша 19,9 мың тонна күнбағыс тұқымын сатып алу қаржыландырылған болса, биыл келісімшартқа енгізілген күнбағыс көлемі екі есеге жуық өсіп, 37,8 мың тоннаны құрады.
Азық-түлік келісімшарт корпорациясының қорына азық-түлік жеткізудің ең үлкен көлемін дәстүрлі түрде еліміздің астық белдеуіндегі шаруашылықтар қамтамасыз етеді. Қостанай облысының аграршылары 228,6 мың тонна астық және майлы дақыл өнімдерін жеткізеді, Солтүстік Қазақстан облысының фермерлері – 162,0 мың тонна, ал Ақмола облысының ауыл шаруашылығы кәсіпорындары – 68,3 мың тонна жеткізеді.
Мемлекеттік қолдау шараларын Алматы облысының және басқа да оңтүстік өңірлердің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне тарату мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық қаржыландыру бағдарламасына жүгеріні сатып алу енгізілді. Дақылдар тізбесін кеңейту есебінен фермерлер бидаймен қатар сұранысқа ие әрі табыстылығы жоғары өсімдік шаруашылығы бағыттарын дамытуға және нарық сұранысына неғұрлым икемді бейімделуге мүмкіндік алып отыр.

