16 қазанда Дүниежүзілік нан күні атап өтіледі. Бұл күн миллиондаған отбасының күнделікті дастарқанынан табылатын ең үйреншікті өнімдердің бірінің қадірін еске салады.
Нанның жолы дәннен басталады. Астықтың сапасы, жиналған өнім көлемі мен қордың сақталуы тұтас елдердің азық-түлік тұрақтылығына әсер етеді. Сондықтан бидай халықаралық биржаларда саудаланады, оның бағасы нарық үшін бағдар болады. Ал халықаралық ұйымдар астық өндірісін, тұтыну көлемі мен қорын үнемі қадағалап отырады.

Қазақстан бидай экспорттайтын әлемдегі ең ірі он елдің қатарына кіреді. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2025–2026 маркетингтік жылы еліміз сыртқы нарықтарға астық баламасымен есептегенде 15,5 млн тонна астық пен ұн жеткізді. Құрамындағы желімше мен ақуыздың жоғары мөлшері қазақстандық бидайға Орталық Азиядан тыс жерлерде де сұранысты арттырады. Біздің нанымызды Еуропада, Таяу Шығыста, Африкада және Оңтүстік-Шығыс Азияда таниды. Осы деректер мен көрсеткіштердің артында диқандардың, элеваторлар, диірмендер және көлік кәсіпорындары қызметкерлерінің қажырлы еңбегі тұр.

Бұл тізбекте Азық-түлік келісімшарт корпорациясының орны ерекше. Ұлттық астық операторы мемлекеттік астық қорының елеулі бөлігін басқарып, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосады. Корпорация жыл сайын диқандарға егіс науқанын қаржыландыруға көмектеседі, ішкі нарықты тұрақтандыру үшін интервенциялық астық сатып алуды жүзеге асырады, өңдеуші кәсіпорындарға және экспортқа астық жеткізеді.

Дүниежүзілік нан күнінде нанның сапасы неге байланысты екенін, қазақстандық астықтан қандай ұн өндірілетінін және Азық-түлік келісімшарт корпорациясының диқандарға қалай қолдау көрсететінін әңгімелейміз.


