Азық-түлік келісімшарт корпорациясы мен Қытайдың «Сиань Ай Цзюй» өнеркәсіптік тобы қазақстандық агроөнімді өңдеу және Қытай нарығына экспорттау саласында ынтымақтастықты кеңейту туралы меморандумға қол қойды. Сәуір айында ұлттық оператор Солтүстік Қазақстан облысында қытайлық топқа тиесілі зауытқа 10 мың тонна көлемінде астықтың сынақ партиясын жөнелтті. Енді тараптар ұзақ мерзімді әріптестікті дамытып, дәнді және майлы дақылдарды жеткізу көлемін 200 мың тоннаға дейін ұлғайтуға ниетті.
Келісім СҚО-да болашақта қытайлық сатып алушыларға жөнелтілетін қазақстандық астықтан азық-түлік және жемшөп ұнын, өсімдік майын және басқа да өнімдерді өндіруді көздейді. Отандық азық-түлік өнімдері Сиань қаласының супермаркеттерінде кеңінен ұсынылған және жергілікті тұрғындар арасында сұранысқа ие. Өңдеу алаңдарына астықтың тұрақты жеткізілуін қамтамасыз ету үшін ұлттық астық операторы осы жобаға ауыл шаруашылығы өндірушілерін тарту мүмкіндігін қарастыруда.
Сианьда Азық-түлік келісімшарт корпорациясы мен Чаньба (Сиань) халықаралық құрғақ порты операторы арасында тағы бір меморандум жасалды. Бұл логистикалық хаб Азия мен Еуропаның 45 еліне теміржол жеткізілімдерін ұсынады. Қытай тарапы қазақстандық компаниялардың қатысуымен контейнерлік және мультимодальдық тасымалдарды кеңейтуге қызығушылық білдірді.
Қол жеткізілген келісімдер қазақстандық өнімді шетелге, Оңтүстік-Шығыс Азия нарықтарына жылжыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмаларына және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қайта өңдеуді дамыту, экспорттық географияны кеңейту және АӨК өнімдерінің қосылған құнын арттыру жөніндегі басымдықтарына сәйкес келеді.
Жеткізудің икемділігін қамтамасыз ету үшін Азық-түлік келісімшарт корпорациясы баламалы экспорттық бағыттарды да пысықтайды. Осылайша, жақында өткен «Қытай – Еуропа» теміржол тасымалы жөніндегі халықаралық конференция аясында Баку порты арқылы Қара теңіз және Түркия бағытында астық транзитін ұлғайту перспективалары талқыланды. Баку астық терминалының инфрақұрылымын ауыстырып тиеу үшін пайдалану әлеуетіне қосымша талдау жүргізіледі.