Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының шаруашылықтары Азық-түлік келісімшарт корпорациясының қорына жаңа өнімнен 2,4 мың тоннадан астам жасымық жеткізді. Жөнелтілімдер ұлттық астық операторы БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесіп жүзеге асыратын ұзақ мерзімді форвардтық сатып алудың пилоттық жобасы аясында жүзеге асырылды.
Бағдарламаға қатысуға екі өңірден бес агроқұрылым іріктелді: «Викторовское» ЖШС, «ҚосЕлАгро» ЖШС, «Токуши GRAIN» ЖШС, «Полтавское» ЖШС және «Шағла Агро» ЖШС. Көктемде кәсіпорындар егіс науқанын жүргізуге аванс алды, ал егін жинағаннан кейін жасымықты Азық-түлік келісімшарт корпорациясына жеткізді. Зертханалық талдау нәтижелері бойынша зерттелген партиялардағы ақуыздың массалық үлесі 27,6-30,2% құрады, бұл жоғары көрсеткіш болып саналады.
Астық тұқымдас дақылдарды форвардтық қаржыландыру бағдарламасының міндетті шарттарының бірі ғылыми негізделген егіс айналымын қолдану және фермерлердің ғалымдардың ұсыныстарын орындауға дайындығы болды. Жобаны үш жыл бойы Қазақ агроөнеркәсіптік кешенін экономика және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтының мамандар тобы сүйемелдеп келеді. Ғалымдар егіс алқаптарына тұрақты мониторинг жүргізіп, шаруашылықтарға барып, консультация береді.
ҒЗИ жүргізген күзгі агрохимиялық тексеру көптеген егістіктерде қолжетімді күкірттің аздығын, ал фосформен қамтамасыз етілуі бір шаруашылықтың ішінде де әртүрлі екенін көрсетті.
Мониторинг нәтижелері бойынша ғалымдар әрбір шаруа қожалығына келесі жылы тыңайтқыш енгізу бойынша ұсыныстар дайындады. Жасымықтан кейінгі топырақтың ерекшеліктеріне байланысты шаруа қожалықтары жаздық бидай, арпа немесе рапс егетін болады. Жаңа маусымда институт мамандары жобаға қатысушылардың егістіктерін қайта агрохимиялық тексеруден өткізеді.
«Азық-түлік келісімшарт корпорация» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Самат Теңбаев хабарлағандай, жасымық сатылымынан кейін түскен қаражат револьверлік қағидат бойынша 2027 жылғы көктемгі дала жұмыстарына аванс беруге бағытталады деп жоспарлануда.
«Ұзақ мерзімді форвардтық тетік фермерлерге егіс науқанын алдын ала жоспарлауға және ғалымдармен бірге әзірлеген айналмалы егіс жүйелері бойынша жасымық өсіруді жалғастыруға мүмкіндік береді», – деп қосты ол.
Пилоттық жоба 2026 жылдан 2028 жылға дейінгі кезеңді қамтитын үш ауыл шаруашылығы маусымына есептелген және «Ауыл шаруашылығы өндірісінің орнықты жүйесін ілгерілету және Солтүстік Қазақстанның экожүйелерін сақтау» (FOLUR) жобасы аясында жүзеге асырылуда. Жоба ауыл шаруашылығы өндірісін алдын ала қаржыландыру тетігі арқылы өнімділікті арттыруға, топырақ құнарлылығын сақтауға және аграршылардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Жобаның алғашқы кезеңіне Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының шаруашылықтары қатысады. Алдағы уақытта экологиялық таза егіншілік тәжірибесін еліміздің басқа өңірлеріне де кеңінен тарату жоспарланып отыр.

