«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ және «Memolux» ЖШС арасында Солтүстік Қазақстан облысында өңдеу зауытына қазақстандық астықты жеткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Қазірдің өзінде 10 мың тонна астықты жөнелту жұмыстары жүргізілуде. Болашақта ұлттық оператор жыл сайын 500 мың тоннаға дейін астық және 100 мың тоннаға дейін майлы дақылдар жеткізуді ұлғайта алады.
Азық-түлік келісімшарт корпорациясының делегациясы Басқарушы директор Ильдар Исмагулов пен Басқарма төрағасының орынбасары Самат Теңбаев құрамында Солтүстік Қазақстанда «Тайынша-Май» ЖШС және «Memolux» ЖШС инвестициялық жобаларын іске асырған «Сиань Ай Цзюй» өнеркәсіптік тобының акционерлерімен келіссөздер жүргізді.
Сапар барысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және экспорттау саласындағы ынтымақтастық туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді. Тараптар дайын өнімді, оның ішінде ұн мен өсімдік майын Қазақстанның ішкі нарығына және ҚХР экспортына өткізу көлемін ұлғайту мүмкіндігін талқылады.
Ынтымақтастықтың Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің экспорттық әлеуетін дамыту үшін стратегиялық маңызы бар, мұнда басты назар қосылған құны жоғары ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді ынталандыруға аударылады. Бұл бастамаларды іске асыру Мемлекет басшысы белгілеген АӨК өңделген өнімінің үлесін 70%-ға дейін жеткізу жөніндегі міндеттерге сәйкес келеді.
Memolux және Тайынша-Май қазақстандық кәсіпорындары өңірдегі агроөнеркәсіптік кластердің негізін құрайды. Экспортқа бағдарланған бұл ірі аграрлық жобаның инвесторы – Қытайдың «Сиань Ай Цзю» өнеркәсіптік тобы. Корпорация дәнді дақылдарды сақтаумен, өңдеумен және рапс пен күнбағыс майларын өндірумен айналысады, азық-түлікті экспортқа жеткізуді жүзеге асырады. Сианьда (ҚХР) және Алашанькоуда логистикалық инфрақұрылымға ие, Қытай-Қазақстан «құрғақ портын» құруға қатысады.