Азық-түлік корпорациясының қоғамдық кеңесінің отырысында ұлттық компанияның әлеуметтік нан бағасын тұрақтандыруға қатысуы, фермерлердің егіс жұмыстарын жүргізуге қаржылай қолдау көрсету, сондай-ақ форвардтық сатып алу бағдарламасын орындау мәселелері қаралды.
Атап айтқанда, биылғы наурыз айынан шілдеге дейін Азық-түлік корпорациясы ұн тартатын кәсіпорындарға барлығы 120 мың тонна астық сатады. Бүгінгі таңда шамамен 8,6 мың тонна жөнелтілді.
Жамбыл, Қарағанды, Атырау, Ақмола, Түркістан, Жетісу, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласының әкімдіктерімен әлеуметтік нан бағасын тұрақтандыру жөніндегі шаралар туралы меморандумдар жасалды. Осы келісімдер шеңберінде бірқатар өңірлерге 9,7 мың тонна астық жеткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша азық-түлік корпорациясы 21,2 млрд теңге бөлді және жалпы сомасы 20,3 млрд теңгеге өтінімдер қаржыландырылды. Осылайша, қазіргі уақытта 280,1 мың тонна ауыл шаруашылығы өніміне келісімшарт жасалды.
Биыл азық-түлік корпорациясы алғаш рет Қызылорда облысының Ауыл шаруашылығы өндірушілерінен 1,2 млрд теңгеге 6 мың тонна көлемінде күріш жармасын форвардтық сатып алды.
Тауарлық кредиттердің бағыты бойынша 500 мың тоннадан астам астыққа өтінімдер мақұлданды. Қалғандары қаралып, облыстардың үйлестіру кеңестеріне бекітуге жіберілді.
Қоғамдық кеңес отырысы аясында алдағы жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді, сондай-ақ Кеңестің жаңа төрағасы сайланды. Қоғамдық кеңес мүшелерінің бірауыздан шешімімен бұл лауазымға ауыл шаруашылығы саласының ардагері Қадырхан Отаров тағайындалды.