Ұлттық астық операторы – «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ 2026 жылғы 5-7 қыркүйек аралығында Чанша қаласында өткен Сегізінші Қытай астық саудасы көрме-конференциясында Қазақстанның стендін таныстырды. Қытайдың ең ірі салалық алаңында тағы 20 қазақстандық агроөнеркәсіптік компания өз өнімдерін ұсынды.
Отандық компаниялар бидай, арпа, күнбағыс, зығыр және рапс сияқты дәнді және майлы дақылдардың кең желісін ұсынды. Майлы дақылдар мен соя бұршақтары қытайлық серіктестердің ерекше қызығушылығын тудырды.
Ұлттық стендке қатысушылар қатарында Майлы дақылдарды өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, өңдеу, экспорттау және логистика салаларында жұмыс істейтін жетекші қазақстандық компаниялар бар.
Конференцияның басты оқиғасы Азық-түлік корпорациясы мен ҚХР Мемлекеттік азық-түлік және стратегиялық резервтер басқармасының (NAFRA) қатысуымен құрылған астық саудасы бойынша Қытай-Қазақстан электрондық платформасының іске қосылуы болды.
Бірлескен сауда алаңын іске қосу жөніндегі келіссөздер 2025 жылы басталған болатын. Азық-түлік келісімшарт корпорациясы алдын ала Қытай нарығына талдау жүргізіп, сұраныс пен серіктестердің мүмкіндіктерін зерделеді. Меморандум жасалғаннан кейін жаңа электрондық алаң арқылы Қазақстаннан Қытайға 260 тонна зығырдың алғашқы пилоттық жеткізілімін сүйемелдеді. Бүгінде платформада 35 отандық компания тіркелген.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ильдар Исмагуловтың айтуынша, қазақстандық агрокәсіпорындар сатып алушыларды өз бетінше табуға, келіссөздер жүргізуге және онлайн форматта мәмілелер жасасуға мүмкіндік алды.
«Бірінші кезеңде біз астық компанияларына платформада тіркелуге көмектесіп, пилоттық жеткізілімдерді сүйемелдедік. Қазақстаннан Қытайға 24 мың тонна майлы зығыр экспорттау жөнінде келісімдер жасалды. Енді кез келген қазақстандық ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші немесе экспорттаушы платформада өз бетінше жұмыс істеп, делдалдарды тартпай-ақ жеткізілімдер туралы тікелей келіссөздер жүргізе алады. Алаңда тіркелу толығымен тегін», – деді ол.
Қытай-Қазақстан электрондық платформасы https://ckt.grainmarket.com.cn/ қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істейді. Алаңда ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлерін сатып алу және сату жөніндегі ұсыныстар жарияланады, қытайлық серіктестердің баға ұсыныстары көрсетіледі, сондай-ақ мәмілелер жасаудың әр түрлі форматтары – ашық аукциондар, шақыру бойынша сауда-саттық, өзара келісім бойынша және белгіленген баға бойынша мәмілелер қолжетімді. Барлық есеп айырысу қытайлық юаньмен жүргізіледі.
Бастапқы кезеңде қатысушылар кедендік ресімдеуді өз бетінше жүзеге асырады деп көзделуде. Алдағы уақытта кедендік рәсімдерді жеңілдету және жеделдету үшін Қазақстан мен Қытайдың бейінді қызметтерімен өзара іс-қимыл орнату жоспарланып отыр.
Сонымен қатар платформада дауларды реттеу тетігі қарастырылған. Сатып алу кезінде бағалау үшін сатып алушының талаптары, ал сату кезінде сатушы мәлімдеген тауар сипаттамалары негізге алынады. Келіспеушіліктер туындаған жағдайда түпкілікті шешімді екі елде де аккредиттелген тәуелсіз инспекциялық ұйым қабылдайды.
Қытай тарапынан астық саудасы алаңының қызметтерін елдің әр түрлі провинцияларындағы 50 мыңнан астам аграрлық кәсіпорын пайдаланады. Бұл отандық агробизнестің жаңа серіктестер мен өткізу нарықтарын іздеу мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді.

