«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Асылхан Джувашев Астанада өткен Қазақстан-Оман іскерлік форумында Таяу Шығысқа астық жеткізу бағыттарын әртараптандыру және өңірлік азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін Қазақстанның әлеуетін белсенді пайдалануды ұсынды.
Форум Оман Сұлтаны Хайсам бен Тарик Әл Саидтың Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 5-6 қазанда Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында өтті. Іскерлік алаңда екі елдің өкілдері агроөнеркәсіптік кешен, логистика, мұнай-газ және химия өнеркәсібі, инфрақұрылымды дамыту салаларындағы ынтымақтастықты талқылады.
Бизнес-форумда сөз сөйлеген Асылхан Джувашев Қазақстан Оман үшін сенімді азық-түлік жеткізушісіне айнала алатынын атап өтті. Азық-түлік корпорациясының ресурстарында тұрақты негізде 2 млн тоннадан астам астық бар.

«Біз қазақстандық астықты Оман Сұлтандығына тікелей экспорттық жеткізуді дамытуға мүдделіміз және жылына 200 мыңнан 500 мың тоннаға дейінгі көлемде ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу мүмкіндігін қарастыруға дайынбыз», – деді Азық-түлік келісімшарт корпорациясының басшысы.
Ол сондай-ақ ағымдағы маусымда Қазақстан ақуыз бен желімшесі жоғары сапалы hi-pro бидайынан мол өнім алғанын айтты. Өз тарапынан Азық-түлік келісімшарт корпорациясы омандық серіктестерге осындай бидайды, сондай-ақ нарық қажеттіліктеріне қарай басқа да дәнді дақылдарды тұрақты жеткізуді қамтамасыз етуге дайын.
Оман Сұлтандығының инвесторларына, мемлекеттік құрылымдары мен азық-түлік компанияларының өкілдеріне үндеу жасаған Асылхан Джувашев оларды қазақстандық бизнеспен бірлескен жобаларды дамытуға шақырды. Перспективалы бағыттардың бірі Қазақстан аумағында Оман үшін астық хабын және астықтың стратегиялық резервтік қорын құру болуы мүмкін.
«Мұндай тетік қажетті қорларды тікелей өндіруші елде алдын ала қалыптастыруға, астықты нарықтағы ең қолайлы кезеңдерде сатып алуға және қажеттілігіне қарай оны Оманға одан әрі жөнелтуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берер еді. Оман тарапы үшін бұл жеткізу көздерін әртараптандырудың және ұлттық азық-түлік қауіпсіздігін нығайтудың қосымша мүмкіндігі», – деді корпорация басшысы.

Оманмен логистикалық ынтымақтастықты дамыту қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің Оңтүстік Азия мен Шығыс Африка нарықтарына шығуына жаңа жолдар ашады. Оман порттарын пайдалану Орталық Азия мен Парсы шығанағы өңірі арасындағы азық-түлік жеткізілімдерінің сенімділігін де арттырады.

