Қостанай облысының аграршылары 2026 жылға арналған форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша Азық-түлік келісімшарт корпорациясының ресурстарына 162,7 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін өткізді. Облыс өңірлер арасында шарттарды орындау қарқыны бойынша көш бастап тұр. 73 шаруашылық егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға қол жеткізді.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ Қостанай облыстық өкілдігінің басшысы Алмат Шаяхметовтің хабарлауынша, дәстүрлі түрде бидайдың негізгі көлемі – 137,7 мың тонна жеткізілді. Бұған қоса, өңір шаруашылықтары 9,9 мың тонна арпа, 10 мың тонна зығыр және 5 мың тонна күнбағыс тапсырды.
Форвардық бағдарламаға қатысушылар арасында 45 шаруа қожалығы мен 28 ЖШС бар. Жыл сайын ұлттық астық операторының қолдау құралдарына қосылатын шаруа қожалықтарының саны артып келеді.
«Бағдарламаға бұрын «Азық-түлік келісімшарт корпорациясымен» жұмыс істемеген өндірушілер де келеді. Өкілдік оларға сатып алу шарттарын түсінуге көмектеседі және әрбір фермерді өтінім бергеннен бастап өнімді жеткізгенге дейін сүйемелдейді. Біз үшін қаржыландырудың шағын шаруа қожалықтарына қолжетімді болуы маңызды, себебі оларға банктер мен басқа да кредит ұйымдарынан қарыз қаражат алу қиынырақ», – деп атап өтті өңірлік өкілдік басшысы.
Азық-түлік келісімшарт корпорациясы 2026 жылғы егіс науқанына қаржыландыруды желтоқсан айында бастады, ал алғашқы төлемдерді шаруалар қаңтар айында алды.
«Егер шаруашылық бидай сапасын арттырғысы келсе, оған әр гектарға көбірек инвестиция салу қажет – тыңайтқыштар сатып алып, өңдеуді уақытында жүргізу керек. Бұл жағдайда біз форвардтық сатып алуды ұсынамыз. Агроқұрылым егіс алдында аванс алады, ал орақтан кейін шарт бойынша өнім жеткізеді», – дейді Алмат Шаяхметов.
Әдетте, шаруа қожалықтары ақшаны техника жөндеуге, тұқым, жанар-жағармай сатып алуға және жұмысшыларға жалақы төлеуге жұмсайды. Шаяхметовтің айтуынша, қаражат қыста түскен кезде, фермер көктемгі егіс басталғанға дейін тыңайтқыштардың бағасы мен жеткізілімі туралы жеткізушімен алдын ала келісе алады.
«Көктемде ол үшін бір уақытта қаражат пен тауар іздеу қажеттілігі болмайды», – дейді ол.
2026 жылы форвардтық сатып алуға жататын дақылдар тізіміне қатты және жұмсақ бидай, арпа, күнбағыс, майлы зығыр, рапс және жүгері кірді.
Соңғы жылдары мемлекет егіс алқаптарын әртараптандыру саясатын ұстанып келеді. Сондықтан Азық-түлік келісімшарт корпорациясы майлы дақылдарға қаржыландыруды ұлғайтып, фермерлерді тауарлық желіні кеңейтуге ынталандыруда.
«Шаруашылық бірнеше дақыл өсіргенде, оның табысы бидай өнімі мен бағасына азырақ тәуелді болады. Бүгінде аграршылар сұранысқа, гектарына күтілетін табысқа және дақылдың егіс айналымына қалай сәйкес келетініне қарайды. Өңірдегі егіс алқабы біртіндеп өзгеруде», – деп қосады өкілдік басшысы.
2026 жылы Қостанай облысында майлы дақылдар 1,1 млн гектардан астам, дәнді-бұршақты дақылдар 224,7 мың гектар алқапты алып жатыр.
Көктемгі маусымды жоспарлауды тұқым дайындаудан бастау ұсынылады.
«Күзде фермер үшін қандай дақылдарды, қандай алқаптарға егетінін анықтау, қажетті тұқым мөлшерін есептеп, олардың өнгіштігін тексеру маңызды, – дейді Алмат Шаяхметов. – Сол кезде шаруа қожалығының қанша қаражатты өз күшімен қамтамасыз ете алатынын және қанша соманы тарту қажет болатынын алдын ала білу үшін гектарына кететін шығындарды есептеу қажет».

