Биыл форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша қаржы алмаса, «Өтегенов» ШҚ егіс алқабы қазіргіден аз болар еді. Қостанай облысының фермері бірнеше жыл бойы шаруашылығын өз күшімен жүргізіп, кейде несие алды. Бес жылдық үзілістен кейін Серік Өтегенов Азық-түлік келісімшарт корпорациясына қайта жүгінді.
«Қаңтарда форвардтық келісімшартқа қол қойдық, ал ақпанның алғашқы күндерінде-ақ қаражат алдық. Егіс науқанына әлі біраз уақыт бар еді. Қаражатты шаруашылыққа аса қажет техниканы жөндеуге жұмсадық», – дейді фермер.
Мамандығы бойынша ол – қаржыгер. Шаруашылықтың қыр-сырын далада еңбек етіп жүріп үйренген. Алғашында әкесімен бірге жұмыс істеді, кейін әкесі шаруашылықты баласына тапсырды.
Қазіргі таңда, қожалық бидай, зығыр мен күнбағыс егеді, ауыспалы егіске асбұршақ та қосады. Дақыл таңдағанда шаруашылық басшысы өнімнің сату бағасын және сол алқапта алдыңғы жылдары қандай дақыл өскенін ескереді.
«Асбұршақ – бұршақ тұқымдас дақыл, бидай үшін жақсы алғы дақыл. Ал біздің ауыспалы егісімізде бидайдың үлесі кемінде 65 пайыз болады. Өйткені майлы дақылдарды сол алқапқа бес жыл өтпей қайта егуге кеңес берілмейді», – деп түсіндіреді Серік Өтегенов.
Шаруашылық биылғы маусымды жақсы аяқтады. Қожалық Корпорацияға ақуыз мөлшері жоғары бидай өткізіп, форвардтық келісімшарт бойынша міндеттемелерін толық орындады.
«Былтыр астықты шамамен 30 пайызға артық жинадық. Биыл да оң нәтижеге қол жеткіздік. Астықтың бағасы өнімнің өзіндік құнын өтеп тұр. Гектарынан 15 центнерден артық алсаң, пайда табуға болады», – дейді фермер.
Биыл күзде бидай мен күнбағыстың әр гектарынан 20 центнерден өнім алынды. Бидайдың басым бөлігі 3-сыныпқа жатты.
Шаруа қожалығы 2027 жылы форвардтық қаржыландыру бағдарламасына қайта қатысуды көздеп отыр. Келесі маусымға дайындықты әдеттегідей ауыл шаруашылығы техникасын жөндеуден бастамақ.
«Қаражатты ерте алған ыңғайлы. Қыста техниканы асықпай жөндеп, көктемде бір күн қиюға қимайтын жұмыстарды алдын ала бітіріп қоясың. Қолжетімді қаржыландыру шаруашылыққа көптеген мүмкіндік береді. Мысалы, егіс алқабын ұлғайтуға немесе жаңа дақыл егіп көруге болады», – дейді Серік Өтегенов.
Көктемгі егіске дейін фермер тракторға автопилот сатып алуды жоспарлап отыр. Оның не үшін қажет екенін шаруашылық басшысы егістікке препарат бүрку мысалымен түсіндіреді.
«Механизатор келесі жолақпен жүргенде өңделген жердің бір-екі метрін қайта бүркіп кетуі мүмкін. Содан препарат артық жұмсалады. Автопилотпен ондай қабаттасу болмайды. Жүйенің пайдасы тұқым сепкенде де көрінеді. Трактор белгіленген бағытпен дәл жүргендіктен, бір күнде көбірек жерге тұқым себуге болады, тұқым да артық жұмсалмайды. Едәуір үнем шығады», – дейді ол.
Серік Өтегеновтің есебінше, автопилот шамамен 1,3 млн теңге тұрады. Оны шағын шаруашылықтың да сатып алуға шамасы жетеді.

