Қазақстандық жоғары сапалы бидай тиелген транзиттік контейнерлік пойыз Қытайдың Ляньюньган портына келді. Бұл – Вьетнамға арналып астық тиелген және оны Азық-түлік корпорациясы мультимодальды маршрут бойынша жіберген сегіз құрамның біріншісі.
Темір жол құрамы жалпы салмағы 1,7 мың тонна болатын 62 контейнерден құралған. Теңіз кемелеріне қайта жүктелгеннен кейін бидай Вьетнамның Хайфон портына жеткізіледі.
Қазақстандық астықты Вьетнамға сәтті жеткізу туралы журналистер Қытайдың орталық телевизиясы (CCTV) мен Қытай халықаралық телевизиялық желісі (CGTN) эфирінде айтып берді.
Қытайлық БАҚ атап өткендей, Ляньюньгандағы логистикалық база «бір контейнер – бір сервис» қағидатын жүзеге асырады, онда астық жөнелту орнынан соңғы межелі орынға дейін қайта жүктеусіз бір контейнерде қозғалады. Осы технологияның арқасында темір жолдан теңіз портына өту бір сағат уақыт алды. Сондай-ақ, қазақстандық бидай «жасыл дәліз» арқылы – барлық рәсімдерді жедел ресімдеумен жеткізілді.
«Басынан аяғына дейін бір контейнер» форматы Оңтүстік-Шығыс Азияға жөнелтілетін қазақстандық экспортқа құрлық-теңіз интермодальдық тасымалдарының неғұрлым сапалы және тиімді қызметтерін ұсынды. Бұдан басқа, біздің логистикалық базамыз «жасыл дәліз» құру үшін кеден, теңіз, теміржол және басқа да ведомстволардың қолдауына ие болды, бұл портта жүктерді шығару тиімділігін 70%-ға арттырды», – деп БАҚ Ляньюньган қаласындағы Қытай-Қазақстан логистикалық ынтымақтастық базасының бас директоры Гэ Хэнсюэнің сөзін келтіреді.
Естеріңізге сала кетейік, астықтың бірінші партиясы Ақмола облысының астық қабылдау кәсіпорындарында қалыптасты. Жеткізу аясында Вьетнамға 15 мың тоннаға жуық азық-түлік бидайын экспорттау жоспарлануда.
«Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Асылхан Джувашевтің айтуынша, жаңа логистикалық маршруттар қазақстанның аграршылары алдында перспективалы алыс нарықтарға шығу үшін жол ашады.
«Қытайлық серіктестермен бірлесіп салынған инфрақұрылым қазірдің өзінде тұрақты және жеделдетілген жеткізілім түрінде нақты дивидендтер әкелуде. Бұл – елдің экспорттық әлеуетін дамытудағы маңызды қадам», – деп атап өтті корпорация басшысы.
Жыл басынан бері Азық-түлік корпорациясы экспорттық бағытта 196 мың тонна астық жөнелтті. Ең үлкен партиялар Солтүстік Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия және Иран импорттаушыларына жіберілді.