2025 жылғы 1 тамыз бен 20 қазан аралығында Қазақстанда Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өтеді. Бұл кең ауқымды статистикалық бақылау елдің барлық өңірін қамтып, аграрлық сектордың жай-күйі туралы өзекті ақпараттың маңызды көзіне айналады.
Санақ екі кезеңде жүргізіледі.
Онлайн-кезең 1–31 тамыз аралығында өтеді. Оған өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы және балық шаруашылығымен айналысатын заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, шаруа және фермер қожалықтары, сондай-ақ ауыл шаруашылығымен шұғылданатын үй шаруашылықтары міндетті түрде қатысуы қажет. Санақ sanaq.gov.kz арнайы сайтында жүргізіледі.
Офлайн-кезең 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында өтеді. Бұл кезеңде онлайн-сауалнамаға қатыспаған, бірақ үй жанындағы жер телімі, бақша, бау-бақша немесе ауыл шаруашылығы жануарлары бар үй шаруашылықтарына интервьюерлер жеке барып сауалнама жүргізеді.
Санаққа шамамен 2 миллион үй шаруашылығы мен 300 мыңнан астам ауыл шаруашылығы өндірушілері қатысады деп күтілуде. Азаматтардың ыңғайлылығы үшін ауылдық әкімдіктер мен аудандық статистика бөлімдерінде интернетке қолжетімді өз-өзіне қызмет көрсету аймақтары ұйымдастырылады. Қосымша ақпарат пен кеңесті 1446 нөмірі бойынша call-орталықтан алуға болады.
Деректерді уақтылы әрі толық ұсыну мемлекетке аграрлық саясаттың басымдықтарын дәлірек айқындауға және ауыл шаруашылығы өндірушілерінің нақты қажеттіліктеріне жауап беретін шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.