Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ қызметкерлеріне ведомстволық наградалар табысталды.
Солтүстік Қазақстан облыстық өкілдігінің директоры Қанат Бейсенов пен корпорацияның Қытай Халық Республикасындағы өкілдігінің директоры Айжан Жамалова «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Құқықтық сүйемелдеу және өндіріп алу департаментінің бас менеджері Әлия Разақова Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасын алды.
Қанат Бейсенов 2023 жылдан бері Солтүстік Қазақстан облыстық өкілдігін басқарып келеді. Ол әріптестерімен бірге шаруашылықтарға егіс науқанына қажетті қаржыны алуға көмектесіп, мемлекеттік астық резервінің жаңартылуын қамтамасыз етеді.
«Биыл форвардтық сатып алу бағдарламасына қатысқан облыс шаруашылықтары өз міндеттемелерін 100 пайыз орындады. Олар келісімшарттар бойынша мемлекеттік ресурстарға 107,4 мың тонна астық жеткізді», – деді Қанат Бейсенов маусым қорытындысы туралы айта келіп.
Салтанатты жиында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров отандық агроөнеркәсіп кешенінің жетістіктеріне тоқталып, сала ардагерлері мен мамандарына оның дамуына қосқан үлесі үшін алғыс айтты.
«Отандық агросектордың табысы – ең алдымен, жер өңдеп, өндірісті дамытып, жаңа технологияларды енгізіп, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген адамдардың еңбегінің нәтижесі. Әр көрсеткіштің артында кәсібилік, жауапкершілік және өз ісіне адалдық тұр», – деді министр.
Бұған дейін Азық-түлік келісімшарт корпорациясының кеңсесінде де қызметкерлерге құрмет көрсетілді. Компаниялар тобының 42 қызметкеріне корпорация басшылығының құрмет грамоталары мен алғыс хаттары табысталды.



