«Азық-түлік корпорациясы «ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Асылхан Джувашев пен Иранның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Али Акбар Джоукар Қазақстан мен Иранның отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Азық-түлік корпорациясының басшысы ағымдағы қызметі туралы айтып берді . Компанияның Каспий маңы аймағында екі еншілес ұйымы бар – Ақтаудағы «Ақ Бидай-Терминал» АҚ астық терминалдары, сондай-ақ Каспий теңізінің оңтүстік жағалауындағы «Амирабад грейн терминал КИШ» ЖШҚ.
Айта кетейік, Қазақстан Иранға бидай экспортын айтарлықтай төмендетті, былтыр оның көлемі 15,6 мың тоннаны құрады. Сонымен қатар, Иран тарапы 2 есеге жуық арпа сатып алды, ол – шамамен 246 мың тонна.
Азық-түлік корпорациясы Иранға астық пен арпаны жөнелтуді бастауды жоспарлап отыр. Қазір әлеуетті серіктестер іріктеліп жатыр.
Асылхан Джувашев көлем бұдан да көп болуы мүмкін екенін айтты, алайда экспорттық әлеуетке Ресей бидайының төмен бағасы қысым көрсетіп отыр, бұл отандық астық трейдерлеріне қиындық туғызады.
Али Акбар Джоукар өз кезегінде екі ел арасындағы өзара саудадағы проблемаларга тоқталды. Оның айтуынша, экспорт пен импортты, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін дамытуға Иранда енгізілген экономикалық санкциялар мен төлемдерді жүргізудегі қиындықтар кедергі келтіріп отыр.
Сондай-ақ, Елші қолда бар сауда-экономикалық мәселелерге қарамастан, Азық-түлік корпорациясының Ирандағы негізгі азық-түлік өнімдерін сатып алуға, импорттауға және таратуға маманданған GTC компаниясымен өзара іс-қимылы осы бағыттағы ынтымақтастықты тереңдете алатынын атап өтті.