Астанада өткен Қазақстан экспорттаушыларының екінші форумы мен Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қытай (Сычуань) – Қазақстан 2024 конференциясы кезінде «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ және қытайлық Jinmaisui Group Gangwei компаниясы қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу мақсатында өзара келісімге келді.
Іс-шараға Сычуань және Хубэй провинцияларының іскер топтарының өкілдері, оның ішінде 200-ге жуық кәсіпкер, сондай-ақ салалық қауымдастықтардың басшылары, Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік және квазимемлекеттік секторларының өкілдері қатысты.
«Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарушы директоры Жанатаев Рустам өз сөзінде Қытайдың қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдері үшін негізгі нарық ретіндегі маңыздылығын атап өтті. Ол Қытайға астық экспортының жыл сайын өсіп келе жатқанын айтып, сапалы өнімдердің тұрақты жеткізілуін қамтамасыз ету үшін компаниялар арасындағы серіктестікті нығайтуға ниет білдірді.
Азық-түлік келісім шарт корпорациясы облыс әкімдіктерімен бірлесіп, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатында шамамен 100 миллион АҚШ доллары сомасына жыл сайынғы форвардтық қаржыландыруды жүзеге асырады.
Енді корпорация өнімнің кепілдендірілген көлемі мен сапасын, сондай-ақ уақтылы жеткізуді қамтамасыз ете отырып, шетелдік инвесторлардың қатысуымен форвардтық сатып алу тетігін енгізуге дайын.
Экспорттық нарықтардағы Қазақстанның позициясын нығайту жөніндегі стратегиялық мақсаттар шеңберінде Азық-түлік келісім шарт корпорациясы қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін халықаралық нарықтарда ілгерілету үшін шетелдік инвесторлармен ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті.