Қазақстан мен Қытай ауыл шаруашылығы өнімдерінің, оның ішінде цифрлық алаңдар арқылы сауданы ұлғайтуға, сондай-ақ өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін өзара нығайтуға ниетті. Бұл туралы Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігі делегациясының ҚХР Азық-түлік және стратегиялық резервтер жөніндегі мемлекеттік басқармасының (NAFRA) басшысы Лю Хуаньсиньмен кездесуінде белгілі болды.
Қазақстандық делегация құрамына «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ильдар Исмагулов кірді.
Бірінші кезекте кездесуге қатысушылар Қытай-Қазақстан цифрлық платформасы жұмысының бастапқы нәтижелерін бағалады және оның функционалын одан әрі кеңейту қажеттігін мәлімдеді. Қысқа уақыт ішінде электрондық сауда алаңының көмегімен қазақстандық компаниялар 24 мың тоннадан астам майлы зығыр жеткізуге мәмілелер жасасты. Бұл бизнес үшін түсінікті әрі ашық сауда құралының қажеттілігін көрсетеді.
Лю Хуаньсинь атап өткендей, цифрлық платформа Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық өзара іс-қимылды арттырудың перспективалы тетігіне айналуы мүмкін. Ал NAFRA астық саудасын үйлестіру орталығы электрондық алаңның операторы ретінде оны дамыту үшін бар күш-жігерін жұмсамақ. Азық-түлік резервтерін мемлекеттік басқару басшысы Қытайда майлы дақылдар мен соя бұршағына сұраныстың ерекше жоғары екенін де атап өтті. Осыған байланысты Қытай тарапы сояны бірлесіп өндіруге және сатып алуға зор қызығушылық танытып отыр. Ол Солтүстік Қазақстанда соя өсіріп жатқан қытайлық «Ай Цзю» компаниясының оң тәжірибесін мысал ретінде келтірді.
Өз тарапынан Қазақстан бірлесіп ұйымдастырушы ретінде агроөнім саудасын қолдаудың қосымша шараларын пысықтауды ұсынды. Атап айтқанда, қазақстандық ауыл шаруашылығы өндірушілері мен қайта өңдеушілерге қытайлық импорттаушылардан талап етілетін дақылдардың өндірісін ұлғайту үшін қолжетімді қаржыландыруды ұсыну мүмкіндігін қарастыру.
Агроэкспорттың өсуіне тағы бір ынталандыру Қытайдың ірі мемлекеттік компанияларын сатып алушы ретінде тарту болуы мүмкін. Мұндай тетік кепілді сұранысты қалыптастыруға, ұзақ мерзімді келісімшарттар жасауға және елдеріміз арасында неғұрлым тұрақты сауда ағындарын құруға мүмкіндік береді.
Кездесу соңында серіктестер ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ және NAFRA арасында өзара ынтымақтастықтың бірлескен жоспарын әзірлеуге келісті. Жоспарға цифрлық сауданы дамыту, жеткізілетін өнімдердің номенклатурасы мен көлемін кеңейту, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы өзара іс-қимылдың жаңа тетіктерін енгізу көзделіп отыр.

