Ұлттық астық операторы 2025 жылы қарыз жүктемесін екі есеге азайтты, ауылшаруашылық өнімдерін экспорттық жеткізуді ұлғайтты және фермерлерді мемлекеттік қолдау шараларын кеңейтті. «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ қызметінің нәтижелерін отырыста компанияның Қоғамдық кеңесінің мүшелері қарады.
Жыл қорытындысына түсініктеме бере отырып, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Асылхан Джувашев қиындықтарға қарамастан оң пайданы қамтамасыз еткенін атап өтті. Компаниялар тобының шоғырландырылған таза табысы 492,5 млн теңгені құрады, ал тікелей Азық-түлік келісімшарт корпорациясының табысы 419,8 млн теңгеге жетті.
«Біз борыштық жүктемені 99 млрд теңгеге дейін іс жүзінде екі есе қысқарта алдық, шыңында ол 200 млрд теңгеге дейін жетті. Егер тікелей сатып алу бағдарламасына тартылған қаражат алынып тасталса, нақты борыштық жүктеме шамамен 70 млрд теңгені құрайды. Біздің міндетіміз биылғы жылы негізгі міндеттемелерді өтеу және жыл соңына дейін шамамен 20 млрд теңге деңгейіне шығу», – деді корпорация басшысы.
Ол сондай-ақ компания аграршыларды қолдау жөніндегі мемлекеттік міндеттерді орындаумен бір мезгілде қаржылық сауықтыруға қол жеткізгенін атап өтті.
Нарықты қолдау құралдарының бірі ұлттық оператордың сатып алу саясаты болып табылады. Корпорация жыл сайын нарыққа қатысушылар үшін бағдар ретінде қызмет ететін дәнді дақылдарға сатып алу бағасын белгілейді.
«2025 жылы сатып алу бағасының өсуі ауыл шаруашылығы өндірушілеріне егінді неғұрлым тиімді бағамен сатуға мүмкіндік берді және сала үшін елеулі мультипликативтік әсерді қамтамасыз етті. Сарапшылардың бағалауы бойынша, сала үшін жиынтық нәтиже шамамен 150 млрд теңгеге бағаланды», – деді Асылхан Джувашев.
Компания Марокко, Алжир, Вьетнам сияқты жаңа алыс өткізу нарықтарына жол ашып, астықтың экспорттық жеткізілімін едәуір кеңейтті. Астықтың үлкен көлемі Орталық Азия елдеріне жөнелтілді, Әзірбайжанға жөнелтілімдер жаңартылды.
Асылхан Джувашевтың айтуынша, соңғы екі жылдың рекордтық өнімін ескере отырып, Азық-түлік корпорациясының міндеттерінің бірі қазақстандық астықты сыртқы нарықтарға жөнелту болды. Оның шешіміне Үкімет пен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі берген көліктік субсидиялар ықпал етті. Нәтижесінде отандық ауыл шаруашылығы өндірушілері тарихи жоғары астық көлемін экспорттай алды.

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Қоғамдық кеңесінің мүшесі, Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының төрағасы Ядыкар Ибрагимов астық операторы жұмысының нәтижелерін оң бағалады.
«Менеджмент мемлекеттік кәсіпорынды оң қаржылық нәтижеге жеткізді. Бұл – жақсы кейс және басқа квазимемлекеттік компаниялар үшін тамаша үлгі», – деп атап өтті ол отырыс барысында.
Бұл ретте қауымдастық басшысы Оңтүстік-Шығыс Азия нарықтарындағы қазақстандық астықтың позициясын нығайту үшін Қытай арқылы логистиканы белсенді дамытуды ұсынды.
Оны «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Қоғамдық кеңесінің төрағасы Егор Каппель қолдап, компанияның даму серпінін атап өтті.
«Біз барлық көрсеткіштер бойынша оң серпінді көріп отырмыз. Ұсынылған ақпарат Азық-түлік келісімшарт корпорациясының үдемелі дамуын көрсетеді. Бұл фермерлердің және жалпы АӨК секторының әл-ауқатына байланысты біздің ортақ жұмысымыз», – деп түйіндеді ол.
Соңында Қоғамдық кеңес «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ-ның 2021-2030 жылдарға арналған даму жоспарына енгізілген өзгерістерді қарады. Түзетулер ҚР Конституциясының жаңартылған ережелерінің күшіне енуіне байланысты дайындалды және стратегиялық құжатты қолданыстағы заңнамаға сәйкес келтіруге бағытталған.

Отырыс қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес Азық-түлік келісімшарт корпорациясының 2025 жылғы жылдық есебін назарға алып, компанияның даму жоспарына өзгерістер енгізуді қолдады.

