ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарушы директоры Тобылбек Омаров және ауыл шаруашылығы саласының басқа да басшылары Қарағанды облысына барды. Олар Осакаров, Нұра және Бұқар жырау аудандарында егін жинау науқанының барысымен танысты.
Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесуі аясында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров халықпен, оның ішінде фермерлермен кездесу өткізіп, бірқатар мәселелерді талқылады. Егін жинау және өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бойынша қабылданған шаралар туралы мәселеге ерекше назар аударылды.
Тобылбек Омаров Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жобаларды қаржыландыруға қатысты сұрақтарына жауап берді. «Биыл азық-түлік корпорациясы фермерлерді қолдау үшін форвардтық сатып алу бағдарламасын ерте бастайды. Келісімшарттар ақпан-наурыз айларында емес, желтоқсанда, астық нарығындағы бағалар жоғары болған кезде басталады. Бұл фермерлерді қолдау үшін қажет», – деді Азық-түлік корпорациясының Басқарушы директоры.
Сондай – ақ, ол азық-түлік корпорациясының міндеттерінің бірі – елдің астық нарығын тұрақтандыру екенін айтып, форвардтық сатып алу және төлемді кейінге қалдыру арқылы тауарлық несие бағдарламаларын іске асыру барысы туралы түсіндірді.