«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ және Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ)100 млн АҚШ доллары сомасына кредит желісін ашу туралы келісімге қол қойды. Қаражат ұлттық астық операторының меншікті жобаларын іске асыруға бағытталады, сондай-ақ фермерлерді қаржыландыру, басым ауыл шаруашылығы дақылдарын өндіруді ынталандыру, ішкі нарықта егін шаруашылығы өнімдерінің тұрақты ұсынысын қалыптастыру үшін пайдаланылуы мүмкін.
Азық-түлік келісімшарт корпорациясы мен ЕАДБ ынтымақтастығы Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және елдің экономикалық өсу драйверлерінің бірі ретінде агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған.
Әріптестер арасындағы келісімге қол қою халықаралық инвестициялар мен Еуразия өңірінің даму перспективаларына арналған бизнес-форум аясында өтті.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ильдар Исмагулов атап өткендей, тартылатын қарыз ұлттық оператордың аграрлық секторды қолдау жөніндегі қаржылық мүмкіндіктерін кеңейтеді.
«Біз ЕАДБ-ға стратегиялық әріптестік үшін алғыс айтамыз. Қаржыландыруды ұсыну туралы шешім Азық-түлік келісімшарт корпорациясына Қазақстанның ғана емес, өңірдің де азық-түлік тұрақтылығын қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік институт ретінде деген сенім туралы куәландырады», – деп толықтырды ол қол қою рәсімі барысында.
ЕАДБ Басқарма төрағасының орынбасары Руслан Даленов келісім Азық-түлік келісімшарт корпорациясымен ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың жалғасы болғанын атап өтті.
«ЕАДБ үшін қатысушы елдердің экономикасының тұрақты дамуына, оның ішінде агроөнеркәсіптік кешенді қолдау арқылы жәрдемдесу маңызды», – деді ол.
Айта кетейік, 2025 жылдың қазан айында Moody’s Ratings халықаралық рейтингтік агенттігі Азық-түлік келісімшарт корпорациясының кредиттік рейтингі бойынша болжамды «оңға» дейін көтерді, бұл ұлттық оператордың қаржылық тұрақтылығының нығаюын көрсетеді.

