Шілде айының ортасынан бастап Азық-түлік келісімшарт корпорациясының мамандары дақылдардың жай-күйін бағалау, алынған қаржыландырудың пайдаланылуын тексеру және ықтимал тәуекелдерді анықтау үшін форвардтық бағдарламаға қатысушы шаруашылықтарға көшпелі мониторинг жүргізеді. Биыл Солтүстік Қазақстан облысында 54 шаруашылық, Қостанай облысында 73 шаруашылық, Ақмола облысында 44 шаруашылық, Павлодар облысында 6 шаруашылық және Шығыс Қазақстан облысында 3 агроқұрылым зерттелді.
Мониторинг нәтижелері бойынша зерттелген алаңдарда егістің жақсы жағдайы байқалады. Сонымен қатар, өңірлердегі жағдай әр түрлі және ауа-райына, ылғал мен қоректік заттармен қамтамасыз етілуіне байланысты. Астық егетін белдеудің көптеген шаруашылықтары егін жинауға кірісті.
Қостанай облысында 17 тамыздағы жағдай бойынша дәнді және бұршақты дақылдардың өнімділігі бойынша Федоров ауданының – 28,0 ц/га, Қарабалық ауданының – 22,8 ц/га және Денисов ауданының – 18,6 ц/га көрсеткішімен аграршылары көш бастап тұр.
Ақмола облысында егін жинаудың бастапқы кезеңінде өнімділіктің ең жоғары көрсеткіштері Бұланды және Бурабай аудандарында байқалады – тиісінше 20 және 20,1 ц/га. Зеренді ауданының шаруашылықтарында 15,7 ц/га егін жиналуда.
Солтүстік Қазақстан облысында Айыртау және Есіл аудандарында дәнді және дәнді-бұршақ дақылдардың өнімділігі 16,5 ц/га, Мағжан Жұмабаев ауданында – 15 ц/га, Қызылжар ауданында – 14,9 ц/га құрайды.
Көптеген шаруашылықтар үшін форвардтық қаржыландыру көктемгі егіске дайындықта маңызды рөл атқарды. Фермерлер алынған қаражатты тұқым, тыңайтқыш, өсімдіктерді қорғау, отын және дала жұмыстарын сатып алуға жұмсады.
«Шаруашылық үшін қаржылық қолдау әсіресе маусым басында маңызды, өйткені негізгі шығындар қазірдің өзінде басталып кеткен, ал алдағы өнімді сатудан түсетін кіріс әлі жоқ. Қаржыландырудың арқасында біз жанар-жағармай материалдары мен тыңайтқыштарды уақытында сатып алып, барлық жұмыстарды оңтайлы мерзімде жүргізе алдық. Бұл түпкілікті нәтижеге тікелей әсер етеді», – деп бөлісті «Имран Agro» ЖШС директоры Өмірсерік Акишев.
Мемлекет басшысы аграршылармен кездесулерде бидайға тәуелділікті азайту және жоғары тиімді дақылдарды өсіруге көшу қажеттігіне бірнеше рет назар аударды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің егіс алқаптарын әртараптандыру жөніндегі дәйекті саясаты айтарлықтай нәтиже береді – аграршылар егіс құрылымын біртіндеп өзгертуде. 2026 жылы майлы дақылдар алқабы рекордтық 5,1 млн гектарға дейін ұлғайды, оның 2,2 млн гектары күнбағысқа тиесілі.
«Біз майлы дақылдар егілетін алқаптардың көлемін біртіндеп ұлғайтып жатырмыз. Қазір оларға сұраныс жоғары, сондықтан экономикалық тиімділігі де тартымдырақ. Яғни, біз тек бидайға ғана тәуелді болмай, тәуекелдерді әр түрлі дақылдар арасында бөліп отырмыз. Мемлекет пен Азық-түлік корпорациясының қолдауы осындай жоспарлау үшін көбірек мүмкіндік береді», – деп атап өтті Солтүстік Қазақстан облысындағы «Сматаев» шаруа қожалығының басшысы Саттар Сматаев.
Форвардтық бағдарламаның тағы бір қатысушысының айтуынша, фермерлер үшін қаржыландырудан басқа, егін алғаннан кейін дайын агроөнімдерді кепілдендірілген өткізу өте маңызды.
«Біз үшін қаржыландыру алып, егіс науқанын уақытында өткізу ғана маңызды емес. Сондай-ақ өндіріс кезеңінде өнімнің бір бөлігін кепілдендірілген түрде сата алатынымызды түсіну де маңызды. Форвардтық сатып алу – фермерлерді қолдаудың нақты әрі тиімді жұмыс істейтін құралы», – деді «Агро Егін» шаруа қожалығының басшысы.
Азық-түлік келісімшарт корпорациясы егін жинау науқанының барысын бақылауды және аграршылармен өзара байланысты қолдауды жалғастыруда.

