Астанада «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ өкілдерінің қытайлық Shandong Hi-Speed компаниясының делегациясымен кездесуі өтті. Тараптар агроөнімдерді жеткізу саласындағы әріптестікті нығайту және логистикалық бағыттарды дамыту мәселелерін талқылады.
Келіссөздер қатысушылары компаниялар арасындағы өзара іс-қимылдың берік негізі бар екенін атап өтті. 2025 жылдың күзінде дәнді, жем-шөп және майлы дақылдарды жеткізу саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Азық-түлік келісімшарт корпорациясы жыл сайын Қытайға астық экспорттайды. Сонымен қатар, агроөнім экспортын шоғырландыру бағдарламасы аясында ұлттық оператор азықтық ұнды көрші елдің нарығына жібереді. Бүгінде Аспан асты еліне жемдік ұнды жеткізудің жалпы көлемі шамамен 23 мың тоннаны құрады.
Кездесуде қытайлық серіктестер астық пен жемдік ұнды сатып алу көлемін ұлғайтуға қызығушылық танытты. Атап айтқанда, форвардтық келісімшарт талаптары бойынша қаржыландыру мүмкіндігі қарастырылуда.
Қатысушылар өзара іс-қимылдың әртүрлі нұсқаларын талқылап, аграрлық және логистикалық салаларда бірлескен бастамаларды іске асыра отырып, ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.

