Азық-түлік келісімшарт корпорациясы БҰҰДБ тұрақты егіншілік жобасы аясында фермерлермен жасымық өсіру және сатып алу бойынша ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасты. Жұмыстың алғашқы нәтижелері туралы Астанадағы RES-2026 Өңірлік экологиялық саммиті аясында белгілі болды.
Ұлттық астық операторы Орталық Азиядағы азық-түлік жүйелерін дамытуға және жерді қалпына келтіруге (FOLUR) арналған панельдік сессияға қатысты. Қазақстанда жоба Жаһандық экологиялық қордың қолдауымен Ауыл шаруашылығы министрлігімен серіктестікте іске асырылуда.
2026 жылы БҰҰДБ-мен бірлескен агроөндірістің тұрақты жүйесін ілгерілету және Солтүстік Қазақстанның экожүйелерін сақтау жөніндегі бағдарламаға қатысу үшін ауыл шаруашылығы өндірушілерін іріктеу басталды.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ ӘМАТ департаментінің директоры Ержан Хамитовтың айтуынша, жобаның негізгі құралы жасымықты ұзақ мерзімді форвардтық сатып алу болып табылады.
«Форвардтық тетік классикалық қаржыландыру шегінен шығады. Ол фермерлерді қажетті құралдармен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен қатар БҰҰДБ бағдарламасы арқылы ауылшаруашылық жерлерінің тозуын азайту үшін тұрақты егіншілікті ынталандырады. Қазірдің өзінде пилоттық келісімшарттар жасалған бес ауыл шаруашылығы өндірушісі іріктелді», – деп бөлісті корпорация өкілі.
Жоба пилоттық болғандықтан, бастапқы кезеңде жасымықты жеткізудің жалпы көлемі шамамен 2,5 мың тоннаны құрайды деп күтілуде.
Бірінші кезеңде бағдарлама Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарын қамтиды, кейіннен ресурстарды ұқыпты басқару тәжірибесі басқа өңірлерге де масштабталады. Қатысушы шаруашылықтар агротехнологияларды сақтау және экологиялық тәуекелдерді бағалау бойынша ғылыми және консультациялық қолдау алады.
Сонымен бірге Азық-түлік келісімшарт корпорациясы тағы бір бағытты – тауарлық кредит беруді және көпжылдық шөптерді, соның ішінде жоңышқаны үшжақты форвардтық сатып алуды қолдануды пысықтауда. Жобаны іске асыру жем-шөп базасын нығайтуға және егіс алқаптарын әртараптандыруды кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, бастама Қазақстанның агробизнесі үшін жем-шөп дақылдары нарығын дамыту және ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу есебінен өсудің жаңа нүктелерін ашады.

